AIFB, Отбасы банк және Қазақстан құрылысшылар одағы исламдық қаржыландыруды дамыту жөнінде меморандумға қол қойды
Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы (AIFB), Отбасы банк және Қазақстан құрылысшылар одағы Қазақстан Республикасында исламдық қаржы индустриясын дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Келісім аясында тараптар исламдық қаржыландыру саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді, сондай-ақ білім беру және ағартушылық бастамаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, халық пен кәсіби қауымдастықтың хабардарлығын арттыру мақсатында оқыту семинарлары, вебинарлар және өзге де іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі - тұрғын үй секторында исламдық қаржыландыру құралдарын дамыту. Қазақстанда діни қағидаларды ұстанатын және пайыздық қаржы құралдарын пайдаланудан бас тартатын азаматтар тарапынан баламалы қаржылық шешімдерге деген тұрақты сұраныс байқалады.
Қазіргі таңда қолданыстағы заңнама, оның ішінде тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заң, исламдық ипотека тетіктерін қарастырмайды. Осыған байланысты «исламдық терезе» деп аталатын тетікті енгізуді қоса алғанда, жеке реттеуді қалыптастыруға бағытталған заңнамалық бастамаларды әзірлеуге, сондай-ақ исламдық ипотеканы алу үдерісін айқын әрі түсінікті етуге ерекше назар аударылуда.
Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова атап өткендей, көптеген азаматтар үшін тұрғын үй алу мүмкіндігі олардың қаржылық құралдарды өз сенімдеріне сәйкес пайдалану мүмкіндігімен тікелей байланысты. Осыған байланысты банк тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесін исламдық қаржыландыру қағидаттарына бейімдеу мүмкіндігін қарастыруда.
Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы аталған меморандумның қол қойылуын құптайды және оны саланы дамытудағы маңызды қадам ретінде қарастырады. Бірлескен бастамаларды іске асыру исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес қаржылық шешімдердің қолжетімділігін кеңейтуге, институционалдық базаны нығайтуға және Қазақстанда неғұрлым инклюзивті қаржылық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, Отбасы банк малайзиялық CSQlaw компаниясының Қазақстандағы филиалымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Бұл әріптестік аясында банк қызметкерлеріне исламдық қаржыландыру және оған қатысты құқықтық аспектілер бойынша оқыту бағдарламаларын өткізу жоспарланып отыр.
AIFB Қазақстанда исламдық қаржы экожүйесін дамытуға бағытталған бастамаларға сараптамалық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуді жалғастырады.